Тарихи құжатқа 36 жыл: Егемендік декларациясы қалай қабылданды
1990 жылдың наурыз-сәуінде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 360 депутаттан тұратын жаңа құрамы сайланды. Жыл соңында осы парламент ел егемендігін жариялаған тарихи құжатты қабылдады.
Егемендігін жарияламаған екі ел
1990 жылғы 24 сәуірде республика президенті лауазымы құрылып, Жоғарғы Кеңес сессиясында бұл қызметке Нұрсұлтан Назарбаев сайланды. Депутат Виталий Вороновтың естелігінше, сол жылдың күзіне қарай Кеңес Одағы құрамындағы екі республика ғана өз егемендігін жарияламаған еді. Олар – Қазақстан мен Қырғызстан.
Осы кезеңде Жоғарғы Кеңес ғимаратының маңына жиналған жұртшылық елдің болашағына қатысты талап-тілектерін білдірді. Ал «Азат» азаматтық қозғалысы парламентке Декларацияның жеке жобасын ұсынды.
Құжатты кімдер әзірледі?
Декларация мәтінін әзірлеу жұмысына Жоғарғы Кеңестің депутаттары мен заңгерлері белсенді қатысты. Комиссияның атқарған жұмысы туралы сессияда заңгер-ғалым, сол кездегі халық депутаты Салық Зиманов баяндама жасады. Кейін ол бұл құжаттың тарихи маңызына ерекше тоқталған.
1990 жылғы 16 қазанда парламент ұсыныстар мен ескертулерді жинақтау жөніндегі комиссия құрды. Сенатор Еркеш Нұрпейісовтің естелігіне сүйенсек, сол күні Нұрсұлтан Назарбаев отырыс залына келіп, құжат жобасының бірқатар тармағына қатысты пікір білдірген. Талқылауға қатысушылардың арасында республиканың дербес дамуына белгілі бір шектеулер енгізуді ұсынғандар да болған.
Декларация қалай қабылданды?
1990 жылғы 25 қазанда комиссия атқарған жұмыстың қорытындысы Жоғарғы Кеңестің сессиясында баяндалып, құжат жобасы басым дауыспен мақұлданды. Тиісті шешім Жоғарғы Кеңестің қаулысымен рәсімделді.
Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларация республиканың егемендігін жариялап, Қазақстанның дербес мемлекет ретінде қалыптасуының саяси-құқықтық негіздерін айқындады. Құжатта республикалық заңдардың одақтық заңдардан басымдығы бекітілді.
Сонымен қатар аумақтың тұтастығы, бөлінбейтіндігі мен оған қол сұғылмауы, халықтардың мәдениеті мен тілдерін дамыту, ұлттық болмысты сақтау қағидаттары көрініс тапты. Республикаға Кеңес Одағы құрамынан еркін шығу құқығы да берілді.
Осылайша, Декларация Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздікке қарай жасаған маңызды қадамдарының біріне айналды. Одан кейін Қазақстанның тәуелсіздігін заң жүзінде бекіткен тарихи құжат қабылданды. 1991 жылғы желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң қабылданды.
Республика күнінің маңызы
Республика күні 2001 жылы мемлекеттік мереке мәртебесіне ие болды. Кейін бірнеше жыл бойы мерекелер тізімінен алынып тасталып, 2022 жылы ұлттық мереке ретінде қайта бекітілді. Бүгінде бұл – Қазақстандағы жалғыз ұлттық мереке.
2023 жылы мемлекеттік наградалар тапсыру рәсімінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Егемендік туралы декларацияның қабылдануы ел тарихына қатысты әділеттілікті қалпына келтірген маңызды оқиға екенін атап өткен. Сондықтан Республика күні – елдің мемлекеттілігін, егемендікке ұмтылысын және ұлттық тарихтағы маңызды кезеңді еске салатын ерекше мереке.
11:02
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.